Жетісулық полицейлерге «ғасырдың ең жауыз полициясы» номинациясын беретін уақыт жетті - адвокат

Qaz365.kz редакциясы

Адвокат Сандуғаш Дүйсенова ісіне қатысты пікір білдірді

Алау ТВ

«Қаңтар» оқиғасында  Нұрсұлтан Назарбаевтың ескертішінің құлағанын түсірген журналист Сандуғаш Дүйсенованы ұстаған кезде изоляторда шешіндіріп, қорлағаны қоғамда резонанс тудырды. Осыған қатысты белгілі адвокат Ләззат Ахатова пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Жетісу облыстық полициясы журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты «Шешіндірген жоқпыз, тек 6 адамның қатысуымен жеке тінту жүргіздік» депті.  Сондай-ақ тінту (личный обыск) деп аты айтып тұрғандай, ол тергеу амалы перденің арғы жағында, тек әйел қызметкермен (егер тергеуге қатысушы әйел болса) жүргізіледі. Алты адам дегені біртүрлі. Сонда полиция басшысы өз қызметкерлеріне сенбей ме? Бір-біріне сенбей, 6 адам жабылып, шешіндіріп, видеоға түсірген бе? Бәрі де әйел болса, мейлі. «Ер адамдардың алдында жалаңаш жүруіме тура келді» деп айтып отыр. Сұмдық қой. Жеке тінтуді видеофиксация жасау қай заңда жазылған?! Тек тұрғын үйді тінту, жауап алу сияқты (адамдар киіммен тұрғанда) тергеу әрекеттері ғана видеоға жазылады. Бұл таза қорлау», – дейді Ләззат Ахатова.

Ол егер  журналистің сағын сындыру мақсатындағы сорақы әрекет болса, бұл заңбұзушылық деп айтты. Адамның конституциялық құқығын өрескел аяққа таптау деп отыр.

«Жетісулық полицейлерге «ғасырдың ең жауыз полициясы» номинациясын беретін уақыт жеткен секілді. Қаңтарда адамдарды үтіктеп, үстерінен қайнаған су құйып, қорлап, азаптағандар да сол өңірде болмап па еді?» – дейді адвокат.

Айта кетейік, Сандуғаш Дүйсенова «Жеке өмiрге қол сұқпау және дербес дерек пен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу» (147-бап) бабы бойынша айыпталып жатыр. Ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шыққан.

Журналист тергеу кезінде төстартқышын шешкізіп, видеоға түсіргенін айтқан. Кейін бұған қатысты Жетісу облысының полиция департаменті түсінік берген еді. Олар жеке тінту рәсімі тергеуші, криминалист және екі куәгердің қатысуымен жүргіздік деген болатын.

Адвокат Ләззат Ахатова айтқандай, «Қаңтар оқиғасы» кезінде ұсталғандарды азаптап, үтік басқан да осы Жетісу облысының полицейлері болатын. Биыл ақпан айында бесеуі сотталды. 

Сандуғаш Дүйсенова Жетісу мен Алматы облыстарында өткір мәселелерді көтеріп жүрген журналист-блогер ретінде танымал. «Қаңтар» оқиғасында Талдықорғанда Нұсұлтан Назарбаевтың демонстранттар тұғырынан құлатқан ескерткішін түсірген суреті кең таралған болатын. Бұл фотосы үшін журналист MediaCAMP Award 2022 халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. Фото «Конец эпохи»  деп аталады.