Жаңа мектеп соғылмаса, күрежолды толық жабамыз: Алматы облысында тұрғындар әкімді қорқытып жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Салынғанына 60 жыл болған мектепті түртсең, құлағалы тұр

Видеодан кадр

 

Алматы облысында бүтін бір ауыл тұрғындары елдімекенде жаңа мектеп соғылмаса күрежолды толық жабамыз деп бекініп отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі 31 арнаға сілтеме жасап.

Өйткені, ескі мектепке балаларын жіберуге қорқады. Айтуларынша, 1964 жылы бой көтерген 320 орындық мектепті түртсең, құлағалы тұр. Ал ұл-қыздары ерте көктемде шіріген еден астынан шыққан жыланнан қашып, жыл соңында сол мүжілген ағаш еденнен гүл тереді екен. Қыста жағдай тіпті қиын дейді ашынған ел. Себебі балалар сабақта көрпе жамылып отыруға мәжбүр. Қатты жел басталса, қаражоталықтардың мазасы қашады. Өйткені, мектептен гөрі көнерген конструкторды көп еске салатын ғимарат құлап қала ма деп қауіптенеді. Айтуларынша, сыртын жамап, терезе орнын қайта қалап қойса да, ішкі қабырғалары қирағалы тұр. Тозығы жетіп, мүжіліп сынған ағаш еден астынан бірде шөп, бірде жылан шығады екен. Ал алғаш қар түскенде, мектептің ішкі қабырғалары мұзға айналады дейді ашынған ел.

– Біздің балалар қыстың қырауында еш уақытта спортзалға кірмейді. Кірмек түгілі, есікті ашсаңыз, кірпігіңізге мұз қатады. Суық, өте суық. Өте ескі. Балалар түнде қайтады. Жабылып көшеде жүреміз балаларымызды іздеп. Өз басым баламды ит талады. Талай баланы ит талап жатыр, – дейді Қаражота ауылының тұрғыны Ұлжан Қожаәлинова.

Ал жыл басында жұртшылықпен кездескен облыс әкімі елді мекен тұрғындары үшін қуанышты жаңалықпен бөліскен. Яғни, шенеунік ауылда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орындық мектеп салынатынын жеткізген. Көп өтпей, басталар істің белгісіндей қазық та қағылыпты. Бірақ әкім сөзі сол қазықпен бірге жерге кіріп кетті деді қаражоталықтар.

- Қаражота ауылында 3500 халық тұрады. Өзіңіз ойлаңыз енді, 3500 халыққа мына 320 орындық мектеп бар мына жерде. 600 орындық жайлы мектеп салып береміз деді. Ол деген ол республикалық бюджеттен емес, ол Самұрық-Қазынадан бөлінеді екен. Енді қазір сол салынбай жатыр. Сарыбұлақ ауылына апарды да мектеп саламыз деп отыр, – деді тағы бір тұрғын Мұнардин Османов.

– Әкімдік өкілдерінің сүйіншілетіп жайлы мектеп салынады деген 3 гектар алқап осы. Ауыл тұрғындары шенеуніктердің ә дегенде-ақ бөлінген жердің төрт бұрышына қада қаққанында қуандық дейді. Бірақ қуаныштары су сепкендей басылған. Өйткені, мектеп бұл жерде салынбайтынын біліпті. Қайта керісінше көрші елді мекенге түсетінін естіген. Содан ауыл тұрғындарының ашуы да күшейіпті. Енді олар мектеп дәл осы елді мекенге түспейтін болса, трассаны толық жабуға дайынбыз деп отыр. Әкімдік өкілдері әзірге жоспар өзгерген жоқ дейді. Құжат дайын, мәселе бақылауда. Айтуынша, көрші ауылда салынғалы отырған мектеп аудандық бюджет есебінен тұрғызылады, – деді мән-жайды түсіндірген тілші Нұрболат Жаңабекұлы.

– Қаражота ауылдық округінен жайлы мектепті алып кетеді деген соң біздің әкім хабарласып еді, ондай қаулы, ешқандай не шыққан жоқ, жоспарымызда бар деді. Әлі біз жоспарымызды құртқамыз жоқ деді, – деп тыныштандырды халықты Қаражота ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Арман Дулатов.

Бас маманның бұл сөзі көпшіліктің сөнген үмітін қайта тұтата алмады. Себебі олар, құрылыс жұмыстары басталмайынша басылмаймыз деп отыр. Әрі қажет болса, бүкіл жолды жауып, жатып алуға да әзір.