Жемқорлықпен айыпталған БҚО әкімінің орынбасарына айыппұл салынды

Qaz365.kz редакциясы

Сот оны өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырды

Азаттық радиосы

Орал қаласының соты 16 тамызда "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деп айыпталған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Балтаевқа айыппұл салды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

Сот оны "Жауапты қызмет атқаратын тұлғаның қызметтік өкілетін асыра пайдалануы" (361-бап, 3-бөлік) бабымен кінәлі деп танып, 2,5 мың АЕК (8 миллион 625 мың теңге, қазіргі бағам бойынша 17 мың доллар) көлемінде айыппұл салды. Сот оны өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырды.

Бұрынғы шенеунікпен бірге "Ақжайық" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басқармасы бастығының орынбасары Артур Досқалиев та сотталды. "Лауазым өкілетін теріс пайдалану" (361-бап, 1-бөлігі) бабы бойынша айыпталған Досқалиевке 1 мың АЕК (3 миллион 450 мың теңге, қазіргі бағам бойынша шамамен 7400 доллар) айыппұл салынды.

Үкімге сәйкес, Балтаев пен Досқалиев сот тағайындаған соманы бір ай ішінде төлеуге тиіс.

Орал қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты істі жеделдетілген тәртіппен бір күн ішінде қарап, сол күні кешке үкім шығарды.

Тергеу органдарының болжамынша, 2023 жылы ақпанда сол кездегі Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ержан Балтаев "қылмыс жоспарын" құрып, Досқалиевпен бірге жұртты әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияға "жалған жұмысқа орналастырған".

Балтаев пен Досқалиев өздеріне тағылған айыптарды мойындаған.

Ержан Балтаевтың адвокаты Тамара Сәрсенова үкімнен кейін жазаны тым қатаң санайтынын, тағайындалған айыппұл тым үлкен екенін айтты. Бұрынғы шенеунік үкімді апелляцияға бере ме, жоқ па, белгісіз.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткен аптада БҚО әкімінің бірінші орынбасары жемқорлық күдігіне ілінгенін хабарлаған. Осы айдың басында әкімдік Балтаев "Қазақстан заңы бойынша белгіленген міндеттер мен шектеулерді орындамағаны үшін" қызметінен босатылғанын хабарлаған.

Халықаралық Transparency International үкіметтік емес ұйымының жемқорлық деңгейі туралы жыл сайынғы индексінде Қазақстан 180 мемлекеттің ішінде 101-орында тұр.