Қырғызстан президенті қазаққа жиен боп шықты

Qaz365.kz редакциясы

Ол айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтың сынына жауап берді

kabar.kg

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров күтпеген мәлімдеме жасап, айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтың сынына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі kabar.kg-ге сілтеме жасап. 

Қырғызтанның мемлекет басшысы Садыр Жапаров көкпардан әлем чемпионатының ашылуында сөйлеген сөзінде қазақтың ақыны Біржан Қалдыбаевқа асыл тұқымды жылқы сыйлайтынын, ал сыйлығы Бішкекте адресатты күтіп тұрғанын айтты. Бір аптадан соң ақынға уәде етілген сыйлық берілді. Алайда бірнеше күннен кейін Қазақстан айтыскерлері одағының бірінші орынбасары Аманжол Әлтаев мұны сынады. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ақынның сынына жауап берді. 

"Иә, бауырымыз Аманжол Әлтаевтың әлеуметтік желідегі үндеуін мен де оқыдым. Әрине, бұл ыңғайсыз үндеу болды. Ең алдымен, "Елшіге де, әншіге де өлім жоқ" дейді. Елшілер өз жұмысын істейді. Әншілер, тіпті ақындар өздеріне ыңғайлы жерде ән салады. Сынап, мадақтап, бірнәрсе сұрап ән салады. Одан кемшілік, саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Екіншіден, ақын Біржан Қалдыбаев - қырғызға жиен. Мен - қазаққа жиенмін. Біз - туысқанбыз. Бесінші атам Солтонқұлдың әйелі Нооча қазақтың қызы еді. Үшіншіден, біз - қырғыз бен қазақ, сөзге мән беретін халықпыз. Сол сәтте арғымақ сыйға тартпасам, ол кейін мені әніне қосып, мұны есіме салатын еді. Ақын сол сәтте маған әнін арнамаса, мен оны кейін естіген болсам, онда әңгіме басқаша болар еді. Сондықтан Аманжол мырзаға айтарым, онда тұрған ештеңе жоқ", - деді ол. 

Қырғызстан президентінің айтуынша, ол бұрын Біржан Қалдыбаевты мүлдем танымаған. 

"Мұнда ешқандай саясат жоқ. Айтыскер ақын жиенімнің ренішіне қалмас үшін ғана арғымақты сыйға тарттым. Мен Біржан Қалдыбаевтың қандай ақын екенін де білмеймін. Мен оны бұған дейін танымайтынмын. Ол көше ақыны атанған. Қазір көше ақыны болса, кейін қазақ, қырғыз халқына белгілі ақын болып кетер. Ол әлі жас. Шығармашылығы шыңдалып, танымалдығы арту үшін оны қолдау керек. Қазақ пен қырғыз бір-бірін қолдауы керек. Қазіргі жағдай қиын. Қазақ пен қырғыздың арасына от салғысы келетіндер бар. Біз мұндайдан аулақ болуымыз керек. Арамыздағы достықты сақтайық", - деді Садыр Жапаров. 

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевқа ат сыйлағанын хабарлаған едік. Бұл туралы Президент Әкімшілігінің ақпараттық саясат қызметінің басшысы Дайырбек Орынбеков Facebook-парақшасында айтты. Кейін қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевты Мәжіліс депутаты, танымал айтыскер ақын Аманжол Әлтаев сынап тастады