Ұлттық банк үш жылда бірінші базалық мөлшерлемені төмендетті

Qaz365.kz редакциясы

Реттеуші банк мәліметінше, сыртқы ортада инфляциялық қысым біртіндеп әлсіреп келеді

ҚР Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл шешім Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау және инфляция тәуекелдерінің теңгерімін бағалау негізінде қабылданған.

«Сыртқы ортада инфляциялық қысым біртіндеп әлсіреп келеді. Көптеген елде орталық банктердің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету саясаты нәтиже беріп, инфляция баяулай бастады. Алайда инфляцияның орнықты болып қалу себебінен мөлшерлемені төмендету мерзімі дамыған елдерде кейінге қалды. Әлемнің азық-түлік нарықтарында баға мен логистикалық шығындар төмендеп келеді», - делінген хабарламада.

Дегенмен экономика ішінде кеңейіп келе жатқан фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер, сондай-ақ өндіріс шығындарының өсуі жағынан проинфляциялық қысым сақталып отыр.

«Жанар-жағармай (ЖЖМ) құнын өсіруден орын алған жанама әсер байыпты көрініс алуда, бұл теңге бағамының динамикасымен ішінара өтелуімен байланысты. Осылайша сыртқы факторлар тарапынан қысымның біршама әлсіреуі есебінен тәуекелдердің жиынтық балансы әлсіз дезинфляциялық аймақта қалып отыр. Нақты инфляция мен оның орнықты бөлігі одан әрі бәсеңдеген сайын базалық мөлшерлемені біртіндеп және байыпты төмендету саясаты жалғасады. Төмендету мүмкіндігі екінші жартыжылдықта фискалдық ынталандырудың ықтималды жеделдеу тәуекелдерімен шектелуде», - деп хабарлады Ұлттық банк.

Ұлттық банк соңғы рет ставканы 2020 жылдың шілдесінде – 9,5% - дан 9% - ға дейін төмендеткенін айта кетейік. Ал өткен жылы Ұлттық банк оны алты рет көтерді. Соңғы өсім 5 желтоқсанда болды-16,75% дейін.

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 6 қазанда жарияланады.