Мұндай пікір әлеуметтік желіде көп тараған
Вице-премьер - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қазақ-қырғыз шекарасындағы көлік кептелісін Қырғызстан тарапының өзен суын жібермей қоюымен байланысты емес дейді. Екі елде қатар тараған бұл сыбысты Жамаубаев бос әңгіме дегенге келтіреді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Қазір қазақ-қырғыз шекарасында ахуал тұрақты. 19-20 тамызда кептеліс болған. Өздеріңізге алдында айтқанымдай, бір арнайы операция жүргізілген. Контрабанда тауарлары, есірткі және басқа да заңсыз тауарлардың немесе паспорты жоқ адамдардың өтіп кету жағдайлары тіркелді. Кеше арнайы баспасөз хабарламасын шығардық. Қазір жағдай тұрақты, дегенмен Президент тапсырмасын орындау бағытында арнайы цифрлық құралдарды қолданып жатырмыз. Бұл жерде электронды шот-фактуралар, тауарлардың құжаттары болған жағдайда біз оларды толық өткіземіз”, - деді Жамаубаев Үкімет кулуарында.
Жамаубаев жақында болған кептелісті жаз уақытында туристер мен студенттердің көп болуымен түсіндіреді.
Десе де, ел ішінде де, сыртында да “қырғыздар су бермей қойғандықтан, қазақтар шекараны жапты” деген әңгіме желдей еседі. Әсіресе, мұндай пікір әлеуметтік желіде көп тараған. Алайда Ерұлан Жамаубаев бұл ақпаратты жоққа шығарады.
“Ондай мүмкін емес. Қырғыздардың өзінде су бар ма, жоқ па - соны алдымен тексеру керек. Су тапшылығы барлық жерде болып жатыр. Сондықтан мәселеге саяси астар беруге болмайды”, - дейді Ерұлан Жамаубаев.
Айта кетерлігі, Қазақстанның Шекара қызметі Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында көлік кезегі жоғын бүгін хабарлады. Шекара қызметі екі елдің арасындағы бақылау-өткізу бекеттері қалыпты жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.