Бұл туралы Мәжіліс депутаты хабарлады
Елімізде киіктерді атуға ресми түрде рұқсат берілді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, киік санын реттеу жайындағы Үкіметтің қаулысы бір ай бұрын қабылданып қойған. Бірақ киіктің етін, мүйізін қалай пайдаланатыны әзірге анық емес.
«Хабарым бар. Ресми түрде рұқсат берілген. Осы айдың басында-ау деймін. 300 мыңға жуық киікті атуға болады делінген. Бірақ содан кейін етін, мүйізін қайда жіберетінін, қалай пайдаланатыны әлі шешілмеген сыңайлы», – деді Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.
Екі жылдан бері талқыланып келген мәселеге қатысты түпкілікті шешімнің қабылданғанын Экология министрлігі әзірге хабарлаған жоқ.
Соңғы санақ бойынша, еліміздегі киік саны 2 миллионға жеткен. Батыс аймақтағы шаруалардың егістігін отап, берекесін алғаннан кейін Президент жауапты ведомствоға тиісті шешім шығаруды тапсырған. Одан бері салаға жауапты министр екі рет ауысып үлгерді.
Биыл облыс шаруаларына киіктен келген залал 8 млн теңгеге жуықтаған. Ақбөкендер 1 млн 284 мың гектар жайылым-шабындықты таптап, 5 мың гектар егінді отап кетіпті.