«Орыс әдебиетін алып тастауға қарсымын»: Қаракөз Сүлейменованың уәжіне Ринат Зайытов не дейді

Qaz365.kz редакциясы

Депутаттың пікіріне бірен-саран қарсы шыққандар болған

коллаж Qaz365.kz

Өткенде Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың «мектептердегі орыс әдебиетінің орнына әлем әдебиетін оқытайық» деген пікіріне бірен-саран қарсы шыққандар болған. Соның бірі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қаракөз Сүлейменова еді. Атақты әдебиет сыншысы Асқар Сүлейменовтің қызының бұл қарсылығын депутат қалай қабылдады. Qaz365.kz тілшісі өзінен сұрап көрді.

«Кез келген пікірде қарсы жақ болады. Ол кісінің өз ойы бар. Өз ісінің маманы. Шынын айтайын, осылай-осылай айтыпты деген мәтінін жібергендер бар. Мен тек «ааа» деп қоя салдым. Мен түк ренжіген жоқпын. Егер Қаракөз апайдың айтқанынан бірдеңе өзгеріп кетіп жатса, бәлкім ренжіген болар едім. Алайда жай пікірін білдірген адамға несіне ренжимін?» - дейді Ринат Зайытов.

Айта кетейік, Қаракөз Сүлейменова: «Орыс әдебиетінің сағат саны қазақ әдебиетінен көп болмау керек. Ол дұрыс. Бірақ оны кеңестік кезеңде емеспіз деп алып тастауға келіспеймін. Бізде қазір шетел әдебиетін ағылшын тілінде екінің бірі оқи алмайды. Ал шетел әдебиеті қазақ тіліне аударылып біткенше әлі жылдар керек» деп айтқан болатын.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мектептерде орыс әдебиетінің орнына әлем әдебиетін оқыту керек деген ұсыныс айтқан еді.

Қаракөз Сүлейменова – атақты әдебиет сыншысы Асқар Сүлейменовтің қызы, актер Досхан Жолжақсыновтың жұбайы.