Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша жұмыс берушінің 100% кінәсі айқындалып, заңнаманы бұзуға жол берген 28 жауапты тұлға анықталған
Қарағанды облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ТЖ министрі Сырым Шәріпханов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында болған апат және жұмыскерлердің қаза болу себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия жұмысының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша жұмыс берушінің 100% кінәсі айқындалып, заңнаманы бұзуға жол берген 28 жауапты тұлға анықталған.
Комиссия апат кезінде пайдаланылған техникалық құрылғылар мен жабдықтарға бірқатар арнайы сараптама жүргізді. Сонымен қатар өрттің пайда болуының және таралуының техникалық себептерін анықтау үшін өрт-техникалық сараптама жүргізілді.
“Сараптама қорытындысына сәйкес комиссия апат пен топтық жазатайым оқиғаның негізгі себептерін анықтады:
Біріншіден, көмір конвейеріндегі өрт конвейердің кептелген және бекітілген ролигіндегі таспа төсемінің үйкелуіне байланысты болды.
Екіншіден, шахтаның инженер-техникалық құрамы тарапынан өндірістік бақылаудың болмауы. Сонымен қатар, қауіпсіздік техникасының сақталмауы және энергия-механикалық қызмет бақылауының әлсіздігі анықталды.
Үшіншіден, қауіпсіздік талаптарын және техникалық реттеу нормаларын бұзу. Бұл сәйкестік сертификатынсыз таспалы кенептің жұмысы.
Соңғысы, жұмыс аймағының тозаңдылығы және жану өнімдері мен тау-кен қазбаларынан болған ауа газдылығы қызметкерлердің өліміне әкеп соқты”, - деп Сырым Шәріпханов хабарлады.
Еске сала кетейік, 17 тамыз күні таңертең «Қазақстан» шахтасында конвейер өртеніп, 227 адам жер астында қалып қойды. Кейін 222 кенші эвакуацияланып, 5 адам қайтыс болды.