Әдейі жасап жатқан сияқты
Ел ішінде бұрыннан тарап жүрген осы әңгімеге әнші Бүркіттің өзі нүкте қойғандай болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» арнасына сұхбат берген әнші Болат Назарбаев тойына жиі шақыратынын айтады.
«Ол кісіден ешқашан ондай сөз, әрекет дегенді естіген емеспін. «Алып қашты» дегенді талай естігем. Талай жазды ғой бізге. Жаза береді. Содан кейін Бүркіт «барып, атысып, қырылысып, зорға дегенде екі-үш күннен кейін қайтарып алды» дейді. Сөзім жоқ. Өсек шығарған адамды табу керек еді негізі. Егер ондай болса, осы уақытқа дейін еститін еді ғой. Жанымызда жүр ғой, Мақпал әпкеміз бар, Жүнісова. Тағы көп әнші бар, ұйымдастырушылар бар. Еститін еді ғой біреуі, көретін еді. Біз әрқашан да баратынбыз. Ол кісінің керісінше ондайы жоқ, сабырлы. «Қалай балам, жақсы ма бәрі?» дейді. Өзінің дастарханына отырғызып қояды. Талай тойына бардық қой. Ақшасын береді, төлейді. «Болды, жақсы, рақмет» деп қайтамыз», - деді ол.
Бүркіт тіпті Болат Назарбаевтан ұялып жүргенін атап өтеді. Өйткені айтуынша, өсек ол кісіге де жеткен деп болжайды.
«Әдейі жасап жатқан сияқты. Бұл - өтірік, өсектің нағыз өсегі. Аиша да "елдің бәрі әбден сенетін болды-ау, қанша жыл болды" дейді. Жарайды енді, не істейміз енді? Мен бұл туралы ешқашан сұхбат берген жоқпын. Бір-ақ рет Instagram-да айтқанмын, «Осындайларыңды қойыңдар, өтірік-өсектерге сене бермеңдер» деп айтқанмын», - дейді ол.