Заң бұзса, 5 АЕК айыппұл салынады
Мәжілістің қарауындағы «Автомобиль көлігі туралы» заңда «электрокөлік» және «гибридті автокөлік» ұғымдары бекітіледі. Бұл елімізде экологиялық таза көлікті насихаттау және электромобильдер үшін инфрақұрылымды дамыту үшін жасалмақ, деп хабарлады qaz365.kz тілшісі Kolesa.kz-ке сілтеме жасап
Сонымен қатар «Жол қозғалысы туралы» заңға да өзгерістер енгізіліп, электр қозғалтқыштарымен жабдықталған көлік құралдарына [электрокөліктер мен гибридтер] арнайы жолақтармен жүруге, коммуналдық автотұрақтарда тегін қоюға рұқсат беру ұсынылмақ.
Егер заңдарға өзгеріс енсе аудандар, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары әуежай, вокзал, сауда объектілері мен базарлардың, театр, Цирк, кинотеатр, мәдениет және демалыс саябақтары жанында, сондай-ақ алаңдар, даңғылдар, көшелерде электрмен қуаттау станцияларымен жабдықталған тұрақтарын ұйымдастыруға міндеттелмек.
Сонымен қатар шенеуніктер мен жолға жауаптылар орталық электржабдықтау желілеріне кіру мүмкіндігі бар, ерекше қорғалатын аумақтарда, елді мекендерде және қала маңындағы трассаларды жобалау кезінде электр зарядтау станциялары бар тұрақтарды міндетті түрде ескеруі тиіс. Әдеттегі көліктерге мұндай жерге тоқтауға тиым салынады. Заң бұзса, 5 АЕК айыппұл салынады.
Сондай-ақ, электрокөліктерді басқа машиналардан ажырату үшін арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлерін береді. Алайда оның қандай болатыны белгісіз. Ал гибридтерге басқа нөмір беретіні туралы айтылмаған, ал арнайы жолақпен жүрген жағдайда басқа көліктерден қалай ажыратылатыны нақтыланбаған.