Десе де қор өкілі ауылға медициналық көмек жетуі жағынан расында да проблема барын мойындады
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінің халыққа пайдасы жоқтығын, оны тоқтату керектігін мәлімдеген еді. Депутаттың бұл сынына бүгін МӘМС қорының басшысы міндетін атқарушы Әбілқайыр Ысқақов жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Біздің елде МӘМС жүйесі іске қосылғалы оң нәтижелері де бар. Мәселен, алғашқы медициналық көмек 3 есе өсті. Палеотивті көмек 6 есе артты. КТ және МРТ тексерісінен миллионнан астам тұрғындарымыз өтіп жатыр. Бес мың нәресте ЭКО арқылы өмірге келді. Сондықтан, МӘМС-тің толық тиімділігі жоқ деп айтуға болмайды», - деді ол Мәжілісте журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Десе де ол ауылға медициналық көмек жетуі жағынан расында да проблема барын мойындады. «Қолжетімділік мәселесі бар. Әйткенмен, медициналық жылжымалы жеке техникалар халыққа қызмет көрсетіп жатқанын айтады.
«Бәрі ұйымдастыру қабілетіне байланысты. Қазақстандықтардың 83 пайызы МӘМС жүйесінде. Қалған 17 пайызының ішінде жұмыспен өз-өзін қамтыған азаматтар бар. Жұмыссыз жүргендер бар. Жұмыста жүрген, бірақ төлемдері жоқ. Сондықтан, біз талдау жүргізіп, түсіндірме жұмыстарын күшейтетін боламыз. Мұнда мемлекет, екінші жағынан пациенттердің өздерінің жауапкершілігі болуы керек. Мен түсініп тұрмын», - дейді Сқақов.
Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов МӘМС қызметін уақытша тоқтатуды талап еткен. Оның сөзінше, міндетті медициналық сақтандыру дұрыс жұмыс істемейді. «Адам өліп жатыр ауылда, жедел-жәрдем келмейді, сақтандыруың жоқ деп ауылдарда дәрігерлер емдемейді» деп сынайды депутат.