МӘМС-те сақтандырылмаған қазақстандықтарға көлік жүргізуге тыйым салынуы мүмкін

Qaz365.kz редакциясы

Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС-те сақтандырылмаған қазақстандықтардың көлік жүргізуіне тыйым салуды ұсынды

Фото ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС-те сақтандырылмаған қазақстандықтардың көлік жүргізуіне тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният МӘМС төлемейтіндерге көлік жүргізуге тыйым салу тек ұсыныс ретінде қарастырылып жатқанын және бұл бастама қабылданбауы мүмкін екенін айтты.

«Атап айтқанда, бұл тек ұсыныс. Оны заң жүзінде қабылдаған жоқпыз. Қазір түрлі бастама пысықталып жатыр және ұсынылған шектеулер қабылданбауы да мүмкін. Жалпы, 5 жыл бойы медициналық сақтандыруға қатысты заң талаптары орындалмай келеді. 3 млн адам медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Осының салдарынан адамдар медициналық көмекті тиісті деңгейде алмай жатыр», - деді министр.

Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов МӘМС қызметін уақытша тоқтатуды талап еткен. Оның сөзінше, міндетті медициналық сақтандыру дұрыс жұмыс істемейді. «Адам өліп жатыр ауылда, жедел-жәрдем келмейді,  сақтандыруың жоқ деп ауылдарда дәрігерлер емдемейді» деп сынайды депутат.

Депутаттың бұл сынына бүгін МӘМС қорының басшысы міндетін атқарушы Әбілқайыр Ысқақов “МӘМС жүйесі іске қосылғалы оң нәтижелері де бар” деп жауап берді.

Бүгін  денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 3,3 миллионнан астам адам сақтандырылмағаны туралы айтты