«Сөмкені жастанып, бомба түсе ме деп қорқып жаттық»: Қазақстан азаматы Израильде қандай қиындық көргенін айтып берді

Qaz365.kz редакциясы

Бомбапананың кодтарын бізге беріп қойды

Qaz365.kz

 Израильден қайтқан 166 азаматтың бірі – Қарлығаш Өтепбергенқызы Qaz365.kz тілшісіне көрген-білгенін айтып берді.  

УДЗ дәрігері «Болашақ» бағдарламасы бойынша құжат тапсырып, жыл басында емтиханынан өтіп, 1 қазанда Израильге оқуға барған. 8 қазанға дейін Израиьлде «Сукот» деген мейрам болған. Яғни оқу болмаған. Үш айдың екі күнін ғана өткізген олар Қазақстанға қайтып келіп отыр. Қазақстан азаматтары соғыс басталған уақытта Хайфа қаласында болған. 

«Ливан тарапы шабуыл жасағаннан кейін біз қалмауға бел будық. Себебі қазақтардың бәрі ақылдасып, жігіттер жағы «бұл 50 жылда бірінші рет болып тұрған жағдай, сондықтан мүмкіндігінше қайтып кету керек» десті. Біз содан кейін консулдыққа хабарластық. Біз «Болашақ» бағдарламасы бойынша 35 адам барғанбыз. Бірақ Хайфа қаласында болған 16 адам барлығымыз түгел қайтып келдік», - дейді ол. 

Қарлығаштың айтуынша, Израиль тарапы қазақстандықтарға бомбалаудан құтқаратын орын барын ескерткен. Ол жаққа пациенттермен бірге түсуге болған. Жертөледе барлық адамға да орын жететінін айтқан. 

«Бомбапананың кодтарын бізге беріп қойды. 0152 нөмірлі код ойыма бірден жатталды. Сөмкені жастанып ұйықтадық. Бізге «сөмкелеріңді қамдап, су мен бұзылмайтын тамақ салып алып, жатыңдар, жасырынатын жерде ұзақ уақыт бойы қалып қоюларың мүмкін» деп ескертті. Соның бәрін алып, рюкзакпен бірге жаттық. Арамызда 4 қыз, қалғаны жігіттер. Сирена ойнаған уақытта сөмкені алып шығатындай жағдай жасадық. Себебі қорықтық, жанымызды сақтасақ дедік», - дейді ол. 

Қазақстандық бойжеткен Израильде азаматтардың әрдайым соғысқа дайын отыратынын айтады. Бірақ көбінесе қақтығыстар шағын болған. Ал бұл жолғы соғыс үлкен ауқымда болған.  

«Тағылымдамадан өтіп жүрген дәрігерлер «мұндай соғыс 50 жылда бірінші рет қайталанып отыр, сондықтан шама келсе қайтқандарың дұрыс» деп ескертті. Олармен ағылшынша сөйлестік», - дейді ол. 

Соғыс басталған уақытта қазақстандықтардың ата-аналары уайымдап, «не болса да қайтыңдар, оқу жандарыңнан артық емес» деп сәлем жолдаған.

«Сол кезде қыздар болып бір жылап алдық», - деп еске алады қиын күндерді Қарлығаш. 

«Сирена ойнаған кезде біз қашуға дайын болдық. Сөмкенің аузын жауып, дайындап қойған едік. Кез келген уақытта сүйреп кете беретіндей. «Болашақ» тағдыры өзімізге де қиын болып тұр. Қатыса алмай қалғанымыз өкінішті. Қаншама жолдан өттік, емтихан тапсырдық. Мен қазір таңғы бесте Атырау арқылы ұшамын», - дейді ол. 

Қарлығаш Өтепбергенқызы өзі болған қалада бомбадан жасырынатын орынның өте көп екенін айтты. 

«Түнде бомба түссе, зымыран ұшса, қайда барамыз деген кезде, бізге кодты беріп қойды. Кодпен кіріп, сол жаққа жасырынасыңдар деді. Біз психологиялық тесттен өтіп шыққан адамдармыз. Бір жағынан, халқын аядық. Көмектескіміз де келді. Қазақстанның тарапынан көмек болсын деп те ойладық. Бірақ бәріміз қайтайық десті. Бір-екі адам қалғымыз келген негізі. Бірақ не болса да қайтып келдік», - дейді Қарлығаш Өтепбергенқызы.

Еске сала кетейік, кеше түнде Air Astana ұшағы Израильдегі қазақстандық азаматтарды елге алып келген болатын. Әуе рейсі Алматыға жергілікті уақыт бойынша шамамен 23.45-те келді. Ұшақта қанша адам болғаны туралы Air Astana әуе компаниясының маркетинг және сату жөніндегі вице-президенті Әділ Дәулетбек айтып берген.