Риддер жылу электр орталығы коммуналдық меншікке беріледі

Qaz365.kz редакциясы

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады

gov.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, ҚМА, БҚДА және басқа да ведомстволар басшыларының қатысуымен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz

Комиссия Риддер қаласындағы ЖЭО-ның айналасында қалыптасып отырған жағдайды қарастырды. 

Өткен жылдың қазан айынан бастап станцияда бірқатар апат орын алып, соның кесірінен қала тұрғындарын жылумен және электрмен жабдықтауда іркілістер болды.

ЖЭО-ның  бұрынғы иелері оны жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарына инвестиция салмағандықтан, станцияның техникалық жай-күйі әбден тозып бітуге айналған. 

Биыл Үкімет резервінен және облыс әкімдігінен бөлінген қаражат есебінен станцияның барлық 6 қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

Қазіргі уақытта 3 қазандық бойынша іске қосу жұмыстары жүріп жатыр, тағы 3 қазандықты жөндеу жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

“ЖЭО-ның жаңа меншік иесімен жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша инвестор кәсіпорынның барлық қарызын өтеп, станцияны әкімдіктің коммуналдық меншігіне береді деген уағдаластыққа қол жеткізілді”, – дейді Үкімет хабарламасында.

Премьер-Министр ЖЭО-ны жергілікті атқарушы органдардың балансына қабылдау үшін барлық қажетті ұйымдастару-құқықтық жұмыстарды жүргізуді тапсырды.