«Ресейліктер келгелі быт-шыт болды»: Тараздағы қант зауытының жұмысшылары наразылыққа шықты

Qaz365.kz редакциясы

«Олар жалақы алмадық» деп шағымданады

Qaz365.kz коллажы

Тараздағы Ресейге сатылған қант зауытының жұмысшылары наразылыққа шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Журналист Нурадин Рақайдың әлеуметтік желіде жариялаған видеосында жұмысшылар айлыққа көңілі толмайтынын айтады.

«Бір ай жұмыс істедік. 78 мың теңге түсті. Бұрын 100 мың теңге алып келгенмін. Осы айда мүлде аз түсті. Бізде оклад мүлде жоқ. Ол аз десеңіз, құрал-саймандарды, түскі ас, киімді үйден әкелеміз», - дейді Шәріп Мырзабаев атты электр-монтажник.


Жұмысшылардың айтуынша, зауыт жұмысының тоқтап тұрғанына екі ай болған. Әуелі қызметкерлерге айлыққа қосымша сыйақы берілетіні айтылған. 


«Басшылық «ұнамаса жұмыстан кете беріңіздер, сіздерді ешкім ұстап тұрған жоқ» деп жауап берді. Иелері Қазақсан азаматтары болған кезде сыйақы, ақша бәрі жақсы еді, орыстар қалай алды зауытты – айлық быт-шыт болды. 70-80 мың теңге айлық алып жатыр шешелерімізбен жасты адамдар», - дейді Тұржан Тамаев атты жұмысшы.


Кейбір жұмысшылардың айлығы ескертусіз қысқарып кеткен. 
Жұмысшылар мәселені басшылықпен бірнеше рет реттегісі келген.


«Ресеймен сөйлесеміз дейді, бітті. Келесі ай тағы жиналамыз. Тағы осы», - дейді Айдос Базарбаев атты азамат.


Қызметкерлердің алдына зауыттың қауіпсіздік жөніндегі директорының орынбасары Арман Батырбаев шыққан.


«Біздің жұмысшыларға 20 пайыздық сыйақы уәде етілген. Алайда біздің бухгалтерия жұмысты уақытында үлгермеген. Директор бәрін мақұлдаған. Қазынашылық ақшаны жолдағалы жатыр. Ертең немесе бүрсігүні сыйақы бәріне аударылады. Экипировка да қоймада. Дайын. Бәріне таратылады. Директор Александр Иванович қазір іссапарда», - деп уәде береді ол.


Алайда Батырбаевтың сөзін жиналғандар бөліп жіберді.

«70-80 мың теңгеге қалай күн көреміз, ойланыңызшы» дейді олар.

Тараз қант зауытын жыл басында ресейлік компания сатып алған. Бұл -  Қазақстанда жұмыс істеп тұрған төрт зауыттың бірі. Ол елдің қантқа деген сұранысының тек жартысын ғана қамтамасыз етеді. Зауытты сатып алған ресейлік компания Ресейдегі ең ірі қант өндірушілердің бірі. Ол Forbes тізіміне енген кәсіпкер Павел Демидовке тиесілі. Кейінгі бір жылда оның байлығы 14 миллиард рубльге бағаланған.