Министр Бағдат Мусин: «SpaceX-ті қолданбау күнә»

Qaz365.kz редакциясы

Министрдің айтуынша шетелдік компаниямен келісімшартқа  қол қойылады

gov.kz

12 қазанда Астанада өтіп жатқан технологиялық Digital Bridge 2023 форумында, цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Қазақстандағы интернет сапасы нашар шалғай елді мекендерге америкалық SpaceX компаниясының көмегі арқылы жылдам интернет жеткізетіндігін мәлімдеді, деп хабарлайды  Qaz365.kz тілшісі kazaknews.kz-ке сілтеме жасап. 

«Шынында біз, жергілікті операторлардың шалғай елді мекендерге сапалы интернетті жеткізгенін күттік, тіпті оларды мәжбүрледік. Алайда оларға мұны жасата алмадым. Соңында SpaceX компаниясына жүгінуге мәжбүр болдық. SpaceX компаниясының вице-президенті Лорен Дрейермен бірге президентке, жарты жылдың ішінде Starlink арқылы, спутниктік интернетпен 4 мб/с жылдамдығымен ғаламторды қолданып отырған шалғай елді мекендегі 2000 мектепке сапалы интернет жеткізетінімізді мәлімдедік», – деді министр Бағдат Мусин.

Министрдің айтуынша шетелдік компаниямен келісімшартқа «құдай қаласа» қол қойылады.

«SpaceX секілді технологиясы дамыған компания бар кезде, оны қолданбау күнә болады. Біз ендігі 10 мектепті бұл жүйеге қосып үлгердік. Қолымызда 2000 мектепке байланысты келісімшарт құжаты тұр. Құдай қаласа осыған байланысты құжатқа қол қоямыз», – дейді министр.