Екі жарым мың науқас тұмаудан емделіп жатыр
Елімізде қазан айынан бастап эпидахуал күрделеніп, үш айдың ішінде екі миллионнан артық адам жедел респираторлы инфекцияны жұқтырған. Екі жарым мың науқас тұмаудан емделіп жатыр. Мамандардың сөзінше, соның ішінде шошқа тұмауы тұрғындар арасында тез таралып, ауру асқынып барады екен. Небәрі екі аптаның ішінде 280 адамнан шошқа тұмауы анықталған екен.
“Эпидемиологиялық маусым кезінде бас көтеретін тұмау вирустары бүгінгі күні халық арасында белсенді циркуляцияда жүр. 2284 дәлелденген тұмау жағдайларының 11,6 пайызы А/H1N1 типті вируспен шақырылған тұмау”, – деді Денсаулық сақтау Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының директоры Айнагүл Қуатбаева.
Шошқа тұмауы еліміздің солтүстік және батыс өңірлерінде, Астана мен Алматы қалаларында өршіп тұр. Мамандар тұмаудың бұл түрі адамнан адамға ауа тамшылары арқылы таралып жатқанын айтады. H1N1 вирусының ерекшелігі науқастың басы мен бұлшық еті ауырады, құрғақ жөтел пайда болып, дене қызуы 39 градусқа дейін көтеріледі. Сондақтан тұмауға қарсы вакцина салдырған жөн дейді дәрігерлер.
“Ауырып қалса үйде изоляцияда болу керек. Ешқайда шықпауы тиіс. Кейін дәрігерлерді шақыртып, вирусқа қарсы дәрі-дәрмектермен ғана емделуге болады. Өздігінен емделуден түк шықпайды”, – деді дәрігер Мәриамгүл Сәриева.
Сондай-ақ дәрігерлер шошқа тұмауын жұқтырып алмау үшін адам көп шоғырланған жерлерге бармай, маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтау керек екенін мәлімдеді. Әрі вирустан қорғану үшін көбірек дәрумендерді ішіп, иммунитетті күшейтуге кеңес береді.