Министр Тараздағы қант зауытынан шыққан митинг бақылауда дейді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Тараздағы қант зауытынан шыққан митинг бақылауда екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Біз мәселеден хабардармыз. Әкімдікпен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Жұмысшылар акционерлік қоғам басшыларына наразылық білдірген. Жалақы берушілердің өздері жабады», - деді ол Үкіметтің баспасөз орталығында.
Министр жұмыс беруші мәселені шешуге міндетті деген пікірде. «Ал наразылық үдеп кетпей ме?» деген сұраққа Жақыпова «біз уақыт бердік, егер мәселе шешілмесе, әкімшілік шара қолданамыз» деп жауап берді.
Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Тараздағы Ресейге сатылған қант зауытының жұмысшылары наразылыққа шыққан еді. Журналист Нурадин Рақайдың әлеуметтік желіде жариялаған видеосында жұмысшылар айлыққа көңілі толмайтынын айтады.
«Бір ай жұмыс істедік. 78 мың теңге түсті. Бұрын 100 мың теңге алып келгенмін. Осы айда мүлде аз түсті. Бізде оклад мүлде жоқ. Ол аз десеңіз, құрал-саймандарды, түскі ас, киімді үйден әкелеміз», - дейді Шәріп Мырзабаев атты электр-монтажник.
Жұмысшылардың айтуынша, зауыт жұмысының тоқтап тұрғанына екі ай болған. Әуелі қызметкерлерге айлыққа қосымша сыйақы берілетіні айтылған.