«FlyArystan» құрылымдық бөлімшесін жеке заңды тұлғаға бөлудің кезеңдік жоспары әзірленді.
Қазақстан Үкіметі Fly Arystan лоукостері Air Astana әуе компаниясынан қашан бөлініп, жеке компания болатын мерзімді атады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін Ақ жол депутаттары Fly Arystan лоукостерінің жұмысына шағымданып, билетінің қымбат екенін, жалпы лоукостер басшылығы клиенттеріне жауапсыз әрі сапасыз қызмет көрсететінін айтып шағымданған еді.
«Fly Arystan лоукостері Air Astana әуе компаниясының бухгалтериясы да бөлек емес. Қос компания бір иесіне қызмет етіп жүр, бұл – монополия! Әрине, бір иесіне қарайтын екі компания бір-бірімен ешқандай бәсекелес бола алмайды. Fly Arystan лоукостері билеттерінің бағасы Air Astana, SCAT, Qazaq Air сияқты лоукостер болып саналмайтын басқа авиакомпаниялардағы бағамен бірдей», - деп шағымданған депутаттар.
Мәжілісмендер осы ретте Үкіметке екі талап жолдаған. Атап айтқанда, Fly Arystan компаниясының әуе билеттерінің бағасын түсіруді, екіншіден, нағыз бәсекелестік болу үшін Fly Arystan лоукостерін Air Astana компаниясынан бөлек шығарып, болашақта жекешелендіруді талап еткен.
Алғашқы талапқа жауап берген Премьер-министр Әлихан Смайылов «Fly Arystan» тарифтік желісі өзгермегенін, алайда халық тарапынан сұраныстың өзгеруі және жолаушылар санының жыл сайынғы өсуі авиабилеттердің түпкілікті құнына әсер ететінін хабарлаған.
«Халықаралық тәжірибеге сәйкес, авиабилеттерге баға белгілеу заңмен реттелмейді. Бұл ретте, егер авиакомпания бағаны негізсіз көтерсе, Кәсіпкерлік Кодекске сәйкес монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылады. Осыған қарамастан, әуе кемелеріне, оларға қосалқы бөлшектер мен техникалық қызмет көрсету құнының артуына қарамастан, қазақстандық авиакомпаниялардың авиабилеттерінің құны өзгерген жоқ», - дейді Смайылов.
Ал «Fly Arystan» құрылымдық бөлімшесін жеке заңды тұлғаға бөлудің кезеңдік жоспары әзірленгенін хабарлайды.
«Fly Arystan» АҚ Жарғысы бекітілді, сондай-ақ қайта тіркеу рәсімдері жүзеге асырылады. Компанияның ұйымдық құрылымын қалыптастыру, әуе кемелерін беру және Fly Arystan қызметінің басқа да бағыттары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде кірістер мен шығыстарды бөлек есепке алуды енгізу көзделген. Пайдаланушының жеке сертификатын алуға құжаттарды Fly Arystan-ға биыл 4 тоқсанда беру жоспарланып отыр. Бұл шаралар бәсекелестік ортаның дамуына, нарық субъектілері арасындағы бәсекелестік жолымен авиабилеттер құнының төмендеуіне оң әсер етеді», - делінген Смайыловтың жауабында.