Астана әуежайы шетелдік инвестордың басқаруына беріледі

Qaz365.kz редакциясы

Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметі хабарлады

Фото ашық дереккөзден

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Түркістан облысына жұмыс сапары барысында БАӘ-нің Terminals Holding компаниясымен Астана әуежайын мультимодальді хаб ретінде дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Qaz365.kz

Инвестор елорда әуежайының қызметіне жан-жақты баға беріп, кейіннен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын және жалпы әуе айлағының тиімділігін арттыру үшін жедел басқаруды өз қолына алады.

"Инвестордың бірінші кезектегі міндеті – ұшу-қону жолағын реконструкциялауға және оны одан әрі жаңғыртуға дайындау.

Дайындық жұмыстарын және елорданың қысқа мерзімді құрылыс маусымын ескере отырып, келесі жылы жерүсті инфрақұрылымын күрделі жөндеуді бастау жоспарланып отыр”, – дейді Үкімет хабарламасында.

 

Сонымен қатар мемлекет пен жеке компания мүдделерінің тепе-теңдік балансын ескере отырып, болашақ инвестицияларға негіз болатын әуежайды дамытудың ұзақ мерзімді бизнес-жоспары әзірленетін болады.