Шымкенттің орманы деп блогер күлкісіне де ие бола алмай қалады
Блогер Бақытжан Көпбаев Шымкентте танымал. Оның әрбір видеосы Тик-Ток желісінде қызу талқыланады. Бұл жолы блогер Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы Бадам орманына барып, тақыр жердің құжат бойынша орман болып тіркеліп тұрғанын мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қазір Түркістан облысында тұрмыз. Анау артымдағы жар – Шымкент қаласының шекарасы. Ортада тұрмын. Бұл жер – Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеме. Құжат бойынша мынау тақыр жер, жыртылған жердің бәрі орман екен. Анау жардан ары қарай. «Жасыл желек» деген миллиардтаған ақша құйылған жоба бар емес пе!? Анау жақтың бәрі құжат бойынша орман», – дейді ол.
Блогердің Боқсу жағынан құбырлар жатқанын, талдар «ураган» болып өсіп тұрғанын айтып, әзілдейді.
«Көріп тұрған шығарсыздар. Құдай-ай, не деген жайнап жатыр?! «100 мың ағаш егеміз» деп, жерге 4 мың шыбық қадап кеткен», – дейді ол.
“Шымкенттің орманы” деп, блогер күлкісіне де ие бола алмай қалады. Жергілікті тұрғындардың біріне «адасып кетпеңдер» деп әзілдейді.
«Мына жасыл желекке миллиардтар салынған. Анау жап-жасыл болып тұрған жер – Қайнар-бұлақ деген саяжай. Мына жағы Боқсу. Екеуінің ортасы 1 мың га жер. Ал шын мәнінде орман деп ұстап отыр. Шымкенттің байлары қазір сол жерді алып қалу үшін бір-бірімен қырылып жатыр. Ұят-ай, қазынаның ақшасы бекер кетіп жатыр», – дейді ол.
Видеоны сілтеме бойынша көре аласыз.