Жаппай төбелес кезінде марқұм болған жігіт сол Семейдегі түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандардың бірі екен
Ішкі істер министрлігі Семей түрмесінде сотталғандардың жаппай пышақтасуына қатысты тың ақпаратты бөлісті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК-ға сілтеме жасап.
Қазір адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. Жаппай төбелес кезінде марқұм болған жігіт сол Семейдегі түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандардың бірі екен. «Мән-жайды толық баяндай алмаймын» деген вице-министр Игорь Лепеха жағдайды бақылаудан шығарып алған құзырлы орын қызметкерлерінің тарапынан қателік кеткенін мойындады.
«Қазір олар жауапқа тартылды», – деп сөзін түйіндеді ол. Бұған дейін Абай облысындағы колонияда сотталғандар жанжалдасып, олардың бірі сол оқиға орнында көз жұмғаны хабарланған.
Қылмыс 5 қазанда Абай облысындағы №19 түрмеде болған. Атап өту керек, бұл колонияда прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық ұланның және құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері жазасын өтеуде.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Оның қолдан жасаған пышағы болған. Өкінішке қарай, бұл біздің қызметкерлердің бақылауынан шығып кеткен жайт. Біз бейнебақылауды қарадық, сол кезде олардың екеуі оңашада қалғаны көрінеді. Сырттан ешкім болмаған. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Біздің қызметкерлер жауапкершілікке тартылды. Олар бірге жазасын өтеп жатқан, бірақ бір камерада болмаған.