Әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген оқиғаға қатысты Түркістан облысының полиция департаменті ресми жауап берді.
Отырар ауданына қарасты ауылдың бірінде 33 жастағы ер адам бірнеше қыз баланы зорлады деген күдікпен қамалды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі sadaqmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған оқиға туралы алғашқы ақпарат бір күн бұрын әлеуметтік желі арқылы тараған еді.
«Әлеуметтік желіде жарияланып жатқан хабарламалар бойынша нақты мынадай ресми ақпаратты хабарлаймын: Түркістан облысының полицейлері 33 жастағы ауыл тұрғыны тарапынан кәмелетке толмаған қыздарға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасау фактісі бойынша екі жергілікті тұрғынның арызына сәйкес сотқа дейінгі тергеуді жүргізіп жатыр», – деді Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде «Отырар ауданы Отырар ауылдық округіне қарасты Шойманов елді мекенінің үш тұрғыны 6-10 жас аралығындағы қыздарын сол ауылдың 33 жастағы тұрғыны зорлады» деп арызданғаны туралы ақпарат тараған еді.
Түркістан облысы полициясы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыс жасады деген күдікпен Отырар ауданының тұрғынын бірден ұстап, қамауға алғанын хабарлап отыр. Ресми ақпарат бойынша, ер адам кінәсін мойындаған.