Мектеп формасының орнына ұлттық киім: алматылықтар Республика күнін тойлауды бастап кетті

Qaz365.kz редакциясы

Республика күніне орай оқушылар мен мектеп ұжымы бір апта көлемінде ұлттық киім киеді

Алматы қалалық №202 мектеп-гимназиясында Республика күніне орай оқушылар мен мектеп ұжымы бір апта көлемінде ұлттық киім киетін болады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл іс-шара №202 мектеп-гимназиясында екі жылдан бері атқарылып келеді.

«Жыл сайын Республика күні мен Тәуелсіздік күніне орай бір апталық немесе бір айлық іс-шаралар өткіземіз. Мерекенің қорытындысында үздік киіммен келген оқушыларға арнайы кішігірім сыйлықтарымыз болады. Осылайша, балалардың ұлттық киімге деген қызығушылығын арттырып жатырмыз», – деді №202 мектеп-гимназиясының директоры Болат Жанайхан.

Мектеп директорының айтуынша, апталық тек ұлттық киім киюмен шектелмейді.

«Биылғы Республика күнін мектеп көлемінде жақсы концерт ұйымдастырып, одан кейін әртүрлі флешмоб, ұлттық киімдер, тәрбие сағаттары сияқты іс-шаралармен атап өтеміз. Жақында Республика күніне орай ата-аналар арасында үлкен волейболдан жарыс өткіздік», – деді ол.

Сондай-ақ мектеп ұжымы Тәуелсіздік күніне орай желтоқсанның бірінен бастап он бесіне дейін тағы да екі апталық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, әлеуметтік желілерде хиджаб киюге қарсы челлендж жүріп жатыр. Онда жастар оқу орындарында ұлттық киім киіп, хиджаб киюге қарсылықтарын білдіріп жатыр. Бұл челленджді Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи де қолдаған.