«Тас басып кеттім деп ойладым»: Көлік қағып кеткен бес жасар баланың қазасына қатысты жаңа дерек шықты

Qaz365.kz редакциясы

Жаңа деректер белгілі болды

orda.kz

20 қазанда Түркістан қаласындағы «Бөбек» балабақшасының балаларды үйге жеткізген көлігі сол балабақша тәрбиесінде болған бес жастағы баланы басып кеткен. Көлікті балабақшаның шаруашылық жөніндегі меңгерушісі тізгіндеген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оқиға куәгері Бахретдин Ташболатовтың айтуынша, көлік баланы қаққаннан кейін, бес метрдей жүріп барып тоқтаған.

«Мен артынан айқайладым, бірақ тоқтата алмадым. Көлікті тек алдындағылар тоқтатты (видеода көрініп тұр). Жүргізуші баланы мүлдем көрмеді. Ол тас басып кеттім деп ойладым дейді. Оқиға менің үйімнің бейнебақылау камерасына түскен», – дейді Бахретдин.

Бахретдин Ташболатов, оқиға куәгері

Оқиға куәгері баланы жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға алып кеткен. Жүргізуші оқиға орнында қалған өзге куәгерлерге өзінің кім екенін айтқан.

«Мен кеткеннен кейін, әкеме «мен балабақшада завхозбын, қосымша ақша табу үшін екі-үш күн бұрын ғана көлікті айдап шыққан едім» деп  айтқан», – деді куәгер.

Оның айтуынша, баланы жедел жәрдем алып кеткен кезде, оның жүрегі соғып тұрған. Алайда қатты қансырап, басы мен мұрнынан қан кетіп жатқан.

«Бейнежазбада көрініп тұр, көліктің алдында үш бала отырған. Негізі, баланың алдыңғы орындықта отыруына рұқсат жоқ қой», – деді ол.

Қайтыс болған баланың әкесінің бауыры Бақытжанның айтуынша, бала тасымалдайтын көлікте жүргізушіден бөлек, тағы бір тәрбиеші отыруы керек. Ал Мирас ата-аналары үшін бес жыл асыға күткен бала болған еді.

Балабақша меңгерушісінің Qaz365.kz тілшісіне берген жауабында сол күні жүргізушінің қасында бала тасымалына көмектесіп отырған ер адамның болғандығын, алайда соңғы үш баланы үйлеріне жеткізерден бұрын оның көліктен түсіп қалғанын айтады. Меңгерушінің айтуынша, бұл мемлекеттік мекеме болғандықтан, балабақша мен көлік жүргізушісінің арасында ешқандай келісім болмаған. Оны баланың туыстары да нақтылайды. Олар жол ақысын жүргізушінің өзіне беріп отырған.

Сондай-ақ мекеме меңгерушісі Qaz365.kz тілшісіне оқиға болған күні көлік жүргізушісінің орнына сол балабақшаның шаруашылық жөніндегі меңгерушісі басқарғанын нақтылады.

«Бұл біз үшін орны толмас қаза. Бала біздің мекемеде тәрбиеленіп жатқанына екі жыл болатын. Өте талантты тәрбиеленушіміз еді. Мәселен, төтенше жағдайға байланысты өткізген іс-шарамызда «кім батыр? кім шығады?» дегенде «мен батырмын, мен шығамын» деп ұмтылып, бүкіл іс-шараларға қатысып жүрген өте ақылды бала еді. Біздің балабақша мен жүргізушінің арасында ешқандай келісім жоқ. Келісім ата-аналар мен көлік жүргізушісінің арасында болған», – деді Түркістан қаласы «Бөбек» балабақшасының меңгерушісі Гүлбану Ұзақ.

Түркістан облысы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Нұрлан Сұлтанбектің хабарлауынша, оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылған. Комиссия тасымал барысында жауапты тәрбиеші болмағанын және көлікті тізгіндеген балабақшаның шаруашылық жөніндегі меңгерушісі екенін анықтады.

Түркістан облыстық полиция департаментінде балабақша тәрбиеленушісін қағып кету оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.