«Ирина Кайратовна» тобының концертіндегі бишілердің әрекеті наразылық тудырды

Qaz365.kz редакциясы

Оқырмандар топтың кешірім сұрауын талап етуде

Коллаж: Qaz365.kz

Әлеуметтік желілерде «Ирина Кайратовна» музыкалық тобының Алматыдағы концерті қызу талқылануда. Желі қолданушылары концерт кезінде қазақтың ұлттық бас киімі – сәукелеге құрметсіздік көрсетілді деп наразылығын білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қойылым ортасында ұлттық киім киген бишілер сәукелелерін шешіп, жерге лақтырып, билеуді жалғастырады.

Оқырмандар ұлттық бас киімге мұндай көзқарасты қабылдауға болмайтынын жазып, топтың кешірім сұрауын талап етуде.

«Олар кешірім сұрап жатқан видеоны күтіңіздер», «Осылар айғай-шусыз жүре алмайтын сияқты», «Олар сәукелені лақтырған жоқ, жәй ғана бір шетке қойды ғой» деп жазды желі қолданушылары.

Наразылықтарға қойылым режиссері Рамзат Махаметов жауап берді. Ол оқырмандарды өнерге түсіністікпен қарауға шақырды.

«Біз бәріне таныс, әдемі, жеңіл әрі ұлттық нақышқа қарама-қайшы биді көрсеткіміз келді. Бұл – шығармашылық. Артық ештеңе болған жоқ», – деді қойылым режиссері.