Тиісті сараптама тағайындалып, полиция тергеу жүргізуде
Аягөз қаласында төрт бала өрт салдарынан қайтыс болды. Аудан әкімі Қанат Әділбай оқиғаның мән-жайын айтып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әкімнің сөзінше, 2023 жылғы 25 қазанда сағат 10:49-да ТЖБ күштері мен құралдарын жедел басқару орталығының пультіне Аягөз қаласының жеке үйлерінің бірінде түтін шыққандығы туралы сигнал келіп түскен. 6 адамнан тұратын құтқарушылар бригадасы дереу сол жерге кетті.
«Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгеннен кейін бөлмелердің бірінде 20 ш. м. жиһаздар мен жеке заттары жанғаны анықталды. Өрт сағат 11:10-да оқшауланып, 11.24-ге толық сөндірілді. Өрттің себебі анықталуда. Оқиға орнында төрт баланың денесі табылды. Өлімнің себебі анықталуда. Тиісті сараптама тағайындалып, полиция тергеу жүргізуде. Қазіргі уақытта отбасы мүшелеріне барлық қажетті көмек көрсетілуде», – деді ол.
Сондай-ақ аудан әкімі жағдайдың жергілікті атқарушы органдарының бақылауында екенін атап өтті.
«Қаза тапқан балалардың ата-анасы мен жақындарына қайғы-қасіреттеріне ортақтасып, көңіл айтамыз», – деді Қанат Әділбай.