Ақтөбеде мас күйде көлік жүргізген депутат қамауға алынды

Qaz365.kz редакциясы

Мас күйінде көлік жүргізген экс-депутатқа қатысты сот үкім шығарды

gov.kz

Ақтөбеде мас күйде көлік басқарған экс-депутат Сәния Мұратоваға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ақтөбе қалалық әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, оқиға 5 қазанда болған. Байшева көшесінде Lexus көлігін жүргізген 53 жастағы әйел жеңіл масаң күйде болғаны анықталған.

«Сот қаулысымен Мұратова ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізуші куәлігінен айырылды», – деді ведомствода.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Экс-депутат мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және жастар жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі болды. Сондай-ақ ол фитнес орталықты басқарған.

Жанжалдан кейін депутаттық өкілеттігін тоқтататыны туралы мәлімдеме жасаған.