Өзбекстанда ішімдік сатпайтын дәмханалар жабылып жатыр – БАҚ

Qaz365.kz редакциясы

Ақпаратты анонимді түрде мейрамхана иелері берген

Фото: shutterstock

Өзбекстан билігі діни радикализммен күресті күшейтудің бейресми шараларын қатаңдатты. Бұл туралы «Азаттық радиосы» (Озодлик) хабардар етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Азаттық радиосының» мәліметінше, Өзбекстан билігі алкоголь сатпайтын, өзін «халал» деп жарнамалайтын кемі 10 дәмхананы жауып тастады. Дәмхана иелерінің айтуынша, күш құрылымдары «ішімдік сатуға келіссеңдер, бизнестеріңді қайта ашамыз» деген. Ақпаратты анонимді түрде мейрамхана иелері берген.

Кәсіпкерлердің сөзінше, күштік құрылым иелері мейрамханаларды қайта ашу үшін спирттік өнімдерді сату керектігін айтқан. Спирттік өнімдерді Ислам діні бойынша сату мен қолдануға тыйым салынған, алайда Өзбекстанда оған тыйым жоқ. Кәсіпкерлер тексеруші тарап мейрамхананы не үшін жабатынын ескертпегенін, құжат та көрсетпегенін мәлімдеді. Санэпидемиология қызметі де нақты себепті айтпаған.

Озодликтің жазуынша, жабылатын мейрамханаларды алдын ала тексеру әрекеттері болған. Әкімдік қызметкерлері мейрамханаларға келіп, ішімдік тапсырыс беріп, сыйыну бөлмелерінің бар-жоқтығына көз жеткізген. Осындай тексерулерден кейін жабылуға тиіс мейрамханалар тізімі жасалған.

«Санэпидстанция мейрамхананың асханасын тексерді, ал салықтық бөлімшелер касса мен құжаттарды қарады. Қауіпсіздік қызметтері сыйыну бөлмелері бар-жоқтығын қарап, мейрамхана қызметкерлеріне діни бағыттағы сұрақтар қойды. Кейде олардың телефондарын да тексеріп шықты», – дейді мейрамхана иелері. 

«Азаттық» Ташкенттегі өкілетті тұлғаларға хабарласып, бұл жағдайға қатысты пікір алуға тырысты. Бірақ шенеуніктер редакция сұрақтарына жауап бермеді.