“Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу” бабы бойынша
Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтадағы өрт фактісі бойынша “Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды Kazinform ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Өткен түнде Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтадағы өрт фактісі бойынша тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (Қылмыстық Кодекстің 277-бабының 3-бөлігі). Арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды, оның құрамына құқық қорғау органдарының неғұрлым тәжірибелі қызметкерлері мен ТЖМ мамандары енгізілді. Жергілікті жерде тергеу жұмысын Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев пен ІІМ министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев үйлестіруде", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүгін таңертең Костенко атындағы шахтада өрт болып, 16 адамның көз жұмғанын, әртүрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханаға 18 адам жеткізілгенін жазған едік.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ, Президент Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.