Талдықорғанда жедел жәрдем көлігі ер адамды қағып кетті

Qaz365.kz редакциясы

Тағы бір адам жансақтау бөлімінде жатыр

Фото: Polisia.kz

Талдықорғанда жедел жәрдем жүргізушісі жол жиегінде көлік дөңгелегін ауыстырып жатқан ер адамды басып кетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оқиға 30 қазанға қараған түні болған.

«54 жастағы жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Балпық би көшесімен келе жатып, жол жиегінде тұрған Audi көлігімен соқтығысады. Соққы кезінде жеңіл көліктің 37 жастағы жүргізушісі жолаушысымен бірге көліктің артқы дөңгелегін ауыстырып жатқан. Жеңіл көлік жүргізушісі сол жерде қайтыс болды», – делінген Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.

Сондай-ақ 36 жастағы ер адам түрлі дене жарақаттарымен аурухананың реанимация бөліміне жатқызылды.

Министрлік мәліметінше, бұл фактіге қатысты қажетті сараптамалар тағайындалып, ҚК-нің 345-бабының 3-бөлімі бойынша тергеу басталды. Қылмыстық істі тергеуді облыстық полиция департаменті бақылауға алды.