Қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16% деңгейінде бекітті
Бұған дейін «Ақ жол» партиясының депутаттары қазіргі 16 пайыздық базалық мөлшерлемені төмендетуді талап еткен еді. Депутаттардың бұл ұсынысына Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Смайыловтың хабарлауынша, Ұлттық банк – ең алдымен елдегі баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге жауапты мемлекеттік орган. Бұл белгіленген мақсат шегінде инфляцияны төмендету және тұрақтандыру үшін ақша-кредит саясатының құралдарын пайдалануды білдіреді.
«Инфляциялық процестердің баяулауы тамыз және қазан айларындағы соңғы екі шешімнің қорытындысы бойынша базалық мөлшерлемені 16,75%-дан 16%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Ұлттық банктің ақпаратына сәйкес, қолда бар факторлар мен тәуекелдерді ескере отырып, ақша-кредит саясатын одан әрі жұмсарту мүмкіндіктері айтарлықтай шектеулі», – дейді жауабында Смайылов.
Премьер-министрдің айтуынша, базалық мөлшерлеменің айтарлықтай негізсіз төмендеуі елеулі теріс салдарға әкеледі. Атап айтқанда, жоғары инфляциямен салыстырғанда ақша нарығындағы теңгелік активтердің негізсіз төмен кірістілігі қаржы нарығының кәсіби қатысушыларында да, халық арасында да валюталық артықшылықтардың тез өзгеруіне себеп болады деп есептейді. Бұл өз кезегінде девальвациялық күтулердің өсуіне және теңгенің әлсіреуіне әкеп соғатынын айтады. Ақыры, долларландыру процесі қайта басталып, инфляциялық процестер күшейе түседі.
«Теңгелік депозиттерден қаражаттың кетуі нәтижесінде банк жүйесінің ресурстық базасы төмендейді. Бұл қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бөлігінде тәуекелдерді айтарлықтай арттырады. Экономика субъектілерінің қалауы тұтыну жағына қарай ауысады. Тұтынушылардың жоғары сұранысы инфляциялық процестерді қайта жеделдетеді және ақыр аяғында халықтың нақты табысын төмендетеді. Жалпы, инфляция баяулаған сайын Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі біртіндеп төмендейді деп есептейміз», – делінген жауапта.