Вице-премьер Тамара Дүйсенова тілшілердің сұрақтарына жауап берді
Бүгін Үкімет отырысынан кейін баспасөз мәжілісінде тілшілер вице-премьер Тамара Дүйсеновадан Қазақстанның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «АрселорМиттал Теміртау» шахталарындағы апатты жағдайлар үшін жауапкершілік арқалай ма деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнын тиын-тебенге сатып, 100-ден астам адамның өліміне жол берген Нұрсұлтан Назарбаев қылмыстық болмаса да, тым болмағанда жеке моральдік жауапкершілік арқалауы керек пе?» – деп сұрады тілшілердің бірі.
Ол еліміз 30 жыл бойы ауыспалы кезеңде өмір сүргенін еске алды. Экономикалық байланыстардың бәрі үзіліп, жұмыс орындарын, кәсіпорынды сақтау қиынға айналғанын айтты.
«Енді кәсіпорынның аман қалуы, жұмыс орындарының сақталуы мәселесі де көтеріліп жатыр. Содан кейін осы сұрақ туындады. Біздің жағдайда қазір кәсіпорын әлем экономикасына интеграцияланған. Ол кезде бүкіл байланысты үзген едік. Сондықтан да елге инвестиция салып, кәсіпорынның жұмысын қамтамасыз ететіндей шетелдік инвесторларды тарту қажет болды. Сол кезде қабылданған шешімдер дұрыс немесе бұрыс болды деп айта алмайтын шығармыз. Ең бастысы, кәсіпорын жұмыс істеп тұр және ол бойынша жұмысты жалғастыру қажет», – деді Тамара Дүйсенова.
Бұған дейін журналист Гүлнар Бажкеноваға берген сұхбатында «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясын басқарған Мұхтар Жәкішев Назарбаевтың сол кездегі Қазақстандағы ең ірі металлургия кенішін тиын-тебенге сатып жібергенін айтқан болатын.
«1995 жылы аустриялық компания 5 млрд долларға сатып алуға дайын болған еді. Бірақ олар тек бес жылдан кейін 2000 жылы аламыз деді. Оған дейін комбинаттың өндірісін жаңалап, жандандырып, нарықта сұранысқа ие тауарларды шығармақ болған еді. Сосын барып қана ашық аукцион арқылы комбинатты сатып алу жоспарлады. Оған біздің билік көнбей «Бес жылдан кейінгі 5 миллиардың керек емес, бізге қазір 150 млн доллар бер» деп табандап отырып алды. Сонда аустриялықтар: “Кешіріңіздер, бірақ біз нарықтық құны 6 миллиард доллар болатын өндірісті қалай 150 миллионға сатып алғанымызды Аустрия парламентіне түсіндіре аламыз» деп, біздің басшылардың ашкөздігіне басын шайқады», – деді Жәкішев.