«Бұл тек жекеменшік екі объект арасындағы дау»
Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының басшысы Гүлзана Серікованың ҚТЖ тарапынан жасалып жатқан рейдерлік әрекетке қатысты Президенттен көмек сұраған үндеуі тарады. Осыған қатысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Хатта «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Сауранбаев ҚазККА мемлекеттік меншікке қайтаруға (беруге) жататын объектілер тізімінде екенін бірнеше рет айтқаны көрсетілген. Гүлзана Серікованың айтуынша, Нұрлан Сауранбаев пен оның қарамағындағылар қысым көрсетіп, Жәния Сауранбаеваға компаниясының 25% акциясын беруді талап еткен. Ал оның орнына кәсіпкерге жыл сайын 3-тен 6 млрд теңгеге дейін мемлекеттік сатып алу арқылы жұмыс көлемін беруге ауызша уәде берілген. Гүлзана Серікова Qaz365.kz редакциясына сұхбат беріп, ҚТЖ басшысының оның миллиардтаған бизнесіне қалай қысым көрсеткенін айтып берді.
«Қазақстан теміржолы» мен «ҚазККА Басқарушы компаниясы» ЖШС арасындағы дау жайлы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пікір білдірді. Оның айтуынша, қазір болып жатқан жағдайға министрліктің ешқандай қатысы жоқ.
«Шешімнің қандай болатынын сот шешеді. Біздің министрлік тек жекеменшік университеттерді қалай реттей алады, ол академиялық саясаты мен мемлекеттік стандартқа лицензия арқылы іс-әрекеттеріне бақылауымыз бар. Қазіргі таңда заңнамалық реттеу осылай белгіленген», – деді ол.
Министр тілшінің «Мәселе жайлы Президентке хат жазылды. Сол жайлы не айтасыз?» деген сұрағына:
«Бұл соттың деңгейінде шешілетін мәселе. Тікелей министрлікке қатысы жоқ. Бұл тек жекеменшік екі объект арасындағы дау», – деп жауапты қысқа кесті.