Қазақстан мен Қытай жемқорлықпен бірлесе күресе ме

Qaz365.kz редакциясы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегі ынтымақтастық

Фото: ашық дереккөзден

Антикор мен Қытайдың Мемлекеттік қадағалау комиссиясы ынтымақтастық туралы келісті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қазақстанға Мемлекеттік қадағалау комиссиясы Төрағасының орынбасары Сяо Пэй бастаған Қытай делегациясы келді.

Агенттік мәліметінше, кездесу барысында тараптардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттары талқыланды.

«Қазақстанның Антикор басшысы Асхат Жұмағали қытайлық әріптестерін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметі және жүргізіліп жатқан заңнамалық реформалар, сондай-ақ заңсыз шығарылған активтерді елдің бюджетіне қайтару жөніндегі шаралар және т. б. туралы хабардар етті. Агенттік Төрағасы бір жарым жыл ішінде Антикормен шамамен 2 млрд АҚШ доллары сомасына активтерді қайтару қамтамасыз етілгенін атап өтті», – делінген Антикор хабарламасында.

Талқылау қорытындысы бойынша Агенттік активтерді қайтару, тәжірибе алмасу, оқыту семинарлары мен тренингтер өткізу бойынша одан әрі өзара іс-қимыл бойынша нақты ұсыныстар енгізді.

Қытай делегациясының мүшелері Астана қаласы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне барып, «Антикор-орталығының» жұмысымен танысты. Сондай-ақ, оларға е-Қылмыстық іс жүйесінде live-режиммен іс жүргізу процесін көрсетті.

Қытайлық әріптестер Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін және бірлескен жобаларды егжей-тегжейлі талқылау қажеттігін білдірді.