"Бұл жолғы сапардың мақсаты – Францияның энергетикалық қауіпсіздігін арттыру"
АҚШ-тың Bloomberg ақпарат агенттігінің журналистері Қазақстанды Ресейдің «қорасы» деп атады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Франция Президенті Эмманюэль Макронның Орталық Азияға сапары жайлы жазған агенттік Қазақстан мен Өзбекстанды түйреп өткен.
«Өзі ықпал ететін дәстүрлі аймақта сүйкімсіз қонақ болып қалған Франция онысымен тоқтамай ары кетіп бара жатыр. Міне, сондықтан, президент Эмманюэль Макрон осы аптада энергия ресурстарына бай Қазақстан мен Өзбекстанға барды. Сол екі елдің ураны арқылы елінің ядролық реакторларын қуаттамақ.
Дереккөздерге қарағанда, бұл жолғы сапардың мақсаты – Францияның энергетикалық қауіпсіздігін арттыру. Бұл бағыттағы салынған күш Ресей отынынан бас тартып, отын тасымалын әртараптандыруда еуропалық бағытқа сай келеді», – делінген басылымда.
Осы шағын хабарламаның тақырыбын Bloomberg журналисі «Макрон уран мен жаңа достарын табу үшін Путиннің артқы ауласына келіп қонды» (Macron Lands in Putin’s Backyard Seeking New Friends and Uranium) деп қойған. Осы сөздегі «Backyard» деген сөзді әркім әртүрлі аударып жатыр. Орыс тілінде бұл сөзді БАҚ «задний двор» деп аударса, қазақ тілділер «артқы аула» немесе «малқора» деп те атайды.
Қалай десек те, Bloomberg-тің бұл тақырыбы Қазақстандағы оқырманның көңілінен шығып жатқан жоқ. Хабарлама жарияланған пост астында қазақстандықтар аталған агенттіктің журналисін жұмыстан шығаруды талап еткен.