Өртенген үйден 900 мың теңге жоғалған
Бұған дейін Аягөзде өрттен төрт бала көз жұмған үйден 900 мың теңге ұрланғаны туралы хабарланған еді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Журналист Нұртай Лахан қайғылы жайт болып жатқан кезде өртенген үйден 900 мың теңге жоғалғаны жөнінде әлеуметтік желіде жазба жариялады. Онда ата-ана бұл ақшаны екінші баласының көзіне ота жасау үшін жинап отырғаны айтылады.
Абай облысының полиция департаменті осыған қатысты ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын, бірақ жәбірленуші полиция мен өртке қарсы қызмет қызметкерлерінен күдіктенбейтінін, керісінше оларға уақытылы көмек көрсеткені үшін алғыс білдіретіндігі жайлы ақпарат таратқан.
«Сонымен қатар полиция департаменті ҚР ҚК 274-бабы бойынша көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертеді және тексерілмеген ақпаратты таратпауды және тек ресми дереккөздерге сенуді сұрайды», – деп жазды департаменттің баспасөз қызметі.
Алайда журналист Нұртай Лахан жәбірленушілердің дәлел ретінде аудио жазбасы бар екенін айтты.
«Абай облысының Полиция Департаменті тергеп-тексерген дұрыс. Сондай-ақ бұл жалған ақпарат емес. Шағымданушылардың аудиосы бар. Қажет болса бере аламын» , – деді журналист.
Осы постқа пікір жазған кейбір азаматтар мұндай жағдайдың алғаш рет емес екенін атап өтті.
«Біз жақта жол апатынан қайтыс болған жігіттің қалтасынан 3 миллионнан аса ақшаны (машина алуға бара жатқан екен) полиция ұрлап алған. Әйтеуір, кейіннен қайтыс болған жігіттің әкесі ҰҚК адамдарын салып, ақшаны қайтарып алды», «Бұл жерде айтпасқа болмайтын жағдай бар. Бірінші полиция өкілдері, екінші өрт сөндірушілер, екеуінде де таныстарым бар, олар барған жерде бірінші ақша, қымбат заттар іздейді екен. Өтірік емес, сол салада істейтін жігіттерден естігенім», «Мен де апатқа түсіп, халық жиналып, ес шыққан сәтте су жаңа ұялы телефонымды ұрлап кеткен» делінген пікірлер бар.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысы Аягөз қаласында жеке үйлердің бірінен өрт шығып, құтқарушылар төрт баланың денесін тапқаны хабарланып, естіген жұрттың қабырғасын қайыстырған еді. Десе де тас түскен жеріне ауыр. Үлкен қайғыдан әке-шеше әлі ес жия алмай отыр екен. Мұны бізге сол жаққа барып келген «Азаттық» журналисі Нұртай Лахан айтып берген. Қайғылы жайт болып жатқан кезде журналист ол үйден 900 мың теңге жоғалғаны жөнінде әлеуметтік желіде жазба жариялады. Әке мен шеше бұл ақшаны екінші баласының көзіне ота жасау үшін жинаған екен. Qaz365.kz тілшісі Нұртай Лаханмен әңгімелесіп, сол жайлы бірер сұрақ қойған болатын.