Сапаров БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Мәжілістің экс-спикері, құдасы ағайынды Нығматулиндер қайда жүр деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Журналистер бүгін Үкімет отырысынан кейін министрден «қызыңыз Нығматулиннің ұлына тұрмысқа шыққан. Құдаңыздың қайда жүргенін білетін шығарсыз?» деп сұрады.
«Менің қызым оның келіні емес. Жеке бастың сұрағына жауап бергім келмейді. Екіншіден, біздің құдалық тікелей емес. Менің қызым немесе ұлым Нығматулиндердің баласымен отбасы құрған жоқ. Ағасының баласы ғой», – деді Айдарбек Сапаров.
Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің туған ағасы Арыстан Нығматулиннің ұлы Әділхан Арыстанов Ауыл шаруашылығы министрінің қызына үйленген.
«Мен Нығматулиндердің қайда жүргенін білмеймін. Қазақстанда болар», – деп ашуланып жауап берді.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаев Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулинді «Қаңтар оқиғасын» ұйымдастырушылардың бірі болған деп санайтынын айтқан.