Қайрат Боранбаев әлеуметтік желіде жаңа пост жариялады
Белгілі кәсіпкер, спорт функционері Қайрат Боранбаев кеше бостандыққа шыққан еді. Бүгін әріптестерімен кездесіп, әлеуметтік желіде жазба қалдырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Менің әріптестерім, достарым және серіктестерім. Кеше үйіме оралдым, отбасым мен достарымды көргеніме қуаныштымын. Осы айларда мені қолдаған әрқайсысыңызға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Мені қолдауға бағытталған әр бастаманы және менің атыма айтылған әр жылы сөзді білдім. Айналамда адал, мейірімді және шынайы адамдар барына тағы да көз жеткіздім», – дейді Қайрат Боранбаев.
Кәсіпкер өзінің «Алмалы» холдингінің қызметкерлеріне қиын сәтте қолдағандары үшін бөлек алғыс білдіріп, холдингтің әрі қарай жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.
Сонымен қатар ол Тимур Сегізбаев академиясына барды. Боранбаев – «Қайрат» ФК бақылау кеңесінің төрағасы.
«Сапар барысында ол 2007 жылы туған «Қайрат» пен «Зенит» командалары арасындағы Сейілдә Байшақовты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирдің ойынына қатысты. Ойыннан кейін Қайрат Советайұлы жас футболшылармен тілдесіп, оларға сенім білдіріп, оларға үлкен табыс пен негізгі құрамға шығуын тіледі», – деп жазды «Қайрат» клубының Instagram парақшасы.
Естеріңізге сала кетейік, 6 қарашада Қайрат Боранбаевтың түрмеден босап, оның өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстырылғаны белгілі болды. Боранбаев екі жыл төрт айдан астам түрмеде отырды.