Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖД-нің мәліметінше, екінші ер адам қаза тапты
Петропавл қаласында 19 жастағы қыз өртеніп жатқан үйден 32 жастағы жігітті аман алып шықты. Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖД-нің мәліметінше, екінші ер адам қаза тапты, деп хабарлайды qaz365.kz
Оқиға 1 қаңтар күні болған.
Сағат 19.38-де Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметіне қаладағы Рабочий ауылындағы Клара Цеткин көшесі, 90 А мекенжайындағы ағаштан салынған жеке тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Облыс орталығының өрт сөндіру қызметінің екі бөлімше мамандары (1 және 4) оқиға орнына шұғыл аттанды. Өрт сөндірушілер жеткен уақытта үй өртеніп жатқан.
Өрт сағат 20.41-де сөндірілді. Өрт болған жерден үйде тұратын 1989 жылы туған ер адамның мәйіті табылды. Өрт 48 шаршы метр аумақты шарпыған. 48 шаршы метр аумақтың шатыры зақымданған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Куәгерлердің айтуынша, өртті бірінші болып Рабочей ауылының 19 жастағы тұрғыны Мария Симонова көрген. Ол қою түтінді байқап, өрт болған жерге бірінші болып жеткен. Үйдің есігін ашқан бойжеткен төрт аяқтап есікке қарай ентелеп келе жатқан ер адамды көрген. Мария оған түтін басқан үйден шығуға көмектесіп, содан кейін дереу өрт сөндірушілерді шақырған.
32 жастағы ер адамның қолы мен басы жеңіл дәрежеде күйген, ол ауруханада емделуден бас тартты.
Ержүрек бойжеткен өрт болған көшеде ата-анасымен бірге тұрады. Ол қалалық техникалық колледждің 4-курс студенті, техник-механик мамандығы бойынша білім алып жатыр. Көлік жүргізгенді ұнатады. Жеңіл көлік жүргізушісінің куәлігі бар. Оқу барысында еріктілер қозғалысының түрлі акцияларына бірнеше рет атсалысқан. Спортпен шұғылданды, 10 жыл каратэ секциясында жаттыққан.