Орыс тілінде оқытатын жаңа мектептер ашылмақ
Ресей Федерациясы Премьер-министрінің орынбасары Алексей Оверчук Қазақстандағы орыс тіліне деген қызығушылық туралы айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бүгін Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр.
«Қазір біз Қазақстанның оңтүстігінде орыс тілінде оқытатын үш мектептің құрылысы туралы мәселені талқылауды бастадық», – деді Алексей Оверчук жиында.
Сондай-ақ ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы бастамасы үшін алғыс айтты.
Айта кетейік, бүгін таңертең Ресей басшысы Владимир Путин Астанаға ресми сапармен келді. Екі ел Президенттері Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысып жатыр.