Түрмеде сотталғандарды еден жуып жарысуға мәжбүрлеген
Қарағанды облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті колонияда тұтқындарды еден жууға мәжбүрлеп, қорлау әрекеті түсірілген бейнежазбаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бейнежазба авторлары облыстағы колонияның бірінде сотталғандарды жәбірлеп жатқанын айтқан. Видеода сотталғандардың тек іш киім мен резеңке аяқ киім киіп, еденнен шүберекпен суды қалай жинап жатқаны көрсетілген болатын. Видео сипаттамасында бұл кадр Қарағанды облысы Долинка ауылындағы №31-мекемеде түсірілгені жазылған.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесінің баспасөз қызметі резонанс тудырған видеоның ескі екенін мәлімдеді.
"Бұл факт бұрын болған. Қызметтік тергеу жүргізілді, қызметкерлер жауапқа тартылды. Шындыққа сай емес ақпараттың таралуына жол бермеу үшін құқық қорғау ұйымдарының өкілдері мекемеге барды. Сонымен қатар, ҚАЖД басшылығы сотталғандардың туыстарымен кездесу өткізді", – деді Қарағанды облысы және Ұлытау облысы ҚАЖД бастығы Бекболат Шәкіров.
Ведомство мәліметінше, бүгінде колониядағы жағдай тұрақты және қылмыстық атқару жүйесі басшылығының бақылауында.
Еске салайық, желіде түрмеде сотталғандарды еден жуып жарысуға мәжбүрлеп, қорлаған видео тараған болатын.