«Бұл үлкен қылмыс»: Сенат спикері Қуандық Бишімбаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Әшімбаев тек заңнаманы өзгертумен мәселені шешуге болмайтынын айтты

ашық дереккөзден

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев өз әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бұл үлкен қылмыс. Тергеу органдары қазір бәрін анықтайды. Ары қарай жазаны да, жауапкершілікті де сот анықтайды», – деді ол.

Сенат спикері осындай жағдайлар туындамас үшін заңнаманы ары қарай да қатаңдату бойынша тиісті жұмыстар жүргізуге дайын екенін айтты.

«Егер заңнаманы ары қарай қатаңдату керек болса, біз оған дайынбыз. Бұған дейін де оны күшейттік. Егер қоғамның талабы сондай болса, мамандармен ақылдаса отыра, ол қадамдарға да барамыз. Бірақ тек заңнаманы өзгертумен бұл мәселені шешуге болмайды. Сонымен қатар отбасы, жастар арасындағы мәдениеттің деңгейін де көтеру керек. Елімізде осы бағыттарда да жұмыс жүргізу керек. Дегенмен, тиісті органдар жұмыс жүргізіп жатыр. Бірақ ол жеткіліксіз шығар. Мектептерде де, университеттерде де тәрбиелеу жұмыстарын күшейту керек. Көп нәрсе тәрбиеге байланысты», – деді Әшімбаев.

Еске салайық, 9 қарашада Астанада мейрамханалардың бірінде қонақтар арасында жанжал шығып, бір адам қаза тапты. Кейіннен БАҚ-та кісі өлтірді деген күдікпен бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсталды деген ақпарат тарады. Оқиғаға байланысты Астана қаласының полиция департаменті ресми түсінік берді.