Болат Назарбаевты ақтық сапарға шығарып салды

Qaz365.kz редакциясы

Болат Назарбаевтың жаназасы оқылды

Коллаж: Qaz365.kz

Алматы облысы Шамалған ауылында Болат Назарбаевтың жаназасы оқылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бұл дүниеде тумақ – сүннет, өлмек – әркімге парыз. Алла жаратты. Алла уақыты келген күні өзіне қайтарады. Баршаларыңыздың келгендеріңізге Алла разы болсын! Бүгін осы ардақты ағамыз, аяулы азамат Болат Әбішұлының қайғысына ортақтасып, бұл үлкен әулетке баршамыз жиналдық», – деді жаназада Ақан Абдуалиев.

Сондай-ақ жаназада экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Премьер-министр Әлихан Смайылов сөз сөйледі.

«Болат отбасымыздағы ең кішісі еді. Осы ауылда туып-өстік. Біз оны жақсы көрдік, ол бізді жақсы көрді. Екі жарым жылдай ауырды, тамақ іше алмады, сөйлей алмады. Бірақ ауылына көптеген жақсылықтар жасады: жолын төседі, медресе, спорт кешенін салды. Мектептерге, тұрғындарға көмектесті. Қателіксіз адам болмайды. Оның өмірде қателескен кездері болса, кешіріммен қараңыздар. Құдайдың берген жасы осы екен. Қазір медицинада да адамның өзі өлсе де, жаны өлмейтіні дәлелденген. Қайғымызға ортақтасып, жаназаға келген кісілерге алғысымды айтамын», – деді бұрынғы президент.

Сонымен қатар шығарып салу рәсіміне Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев, Антикордың бұрынғы төрағасы Алик Шпекбаев қатысты.

Марқұм Үшқоңыр тауындағы бейітке жерленді. Топырақ салуға тек ет жақындарының баруына ғана рұқсат етілді.