Салтанат Бишімбаевпен не себепті ажыраспақшы болған – әпкесі Самал Нүкенова айтып берді

Qaz365.kz редакциясы

Салтанат пен Самалдың әкелері туған бауырлар

Фото: kursiv.media

Күйеуінің қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенова бұрын да Қуандық Бишімбаевпен ажыраспақшы болған. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында марқұмның туысқан әпкесі Самал Нүкенова айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz

«Сізге жалғыз нәрсе айта аламын, ол (Бишімбаев) – жауыз адам. Мен адамдар осындай қатыгез болады деп ойламаппын. Біз Салтанаттың денесін алғанда шошып кеттік», – деді Самал Нүкенова.

Самалдың айтуынша, Қуандық Бишімбаев әйелін үнемі ұрып-соққан.

«Ол бірнеше рет құрбыларына ұрып-соғу жайлы айтып, шағымданды. Біз оны көгерген күйінде көрдік. Қыркүйек айының соңында бізде отбасылық іс-шара болды. Салтанат күртеше киіп келді, оның астында қысқа жеңді киім болды. Ол күртешесін шешкенде, қолының көгергенін көрдік. Біз не болғанын сұрағанымызда, ол тезірек күртешесін қайта киіп, бұл массаждан екенін айтты.

Сіңілім Бишімбаевтан бірнеше рет ажырасып кетпекші болған. Оның тиран екенін айтатын. Марқұм күйеуі жалғыз жібермейтінін, үнемі аңдитынын да айтқан. Бізбен кездесіп, кофе де іше алмайтын. Біз оның ажырасып кету туралы шешімін қолдағанмен, Қуандық үнемі соңынан келіп, әкетіп жүрді», – деді марқұмның әпкесі.

Еске салайық, 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Астанадағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйел алған жарақатынан көз жұмған. Бишімбаевтың ұсталғаны туралы хабарламамен қатар Астана полициясы ер адамның ұсталғаны туралы пікір білдірді. Бірақ оның аты-жөнін нақтыламады.

Сондай-ақ, сағат 19:54-те астаналық жедел медициналық қызмет көрсету станциясы пультіне қоңырау түскен. Жедел жәрдем бригадасы жеткенде 1992 жылы туған әйелдің қаза болғаны расталды. Кейін марқұмның 31 жастағы Салтанат Нүкенова екені белгілі болды. Ол – Қуандық Бишімбаевтың әйелі.