Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өлімі
Алматы гарнизоны әскери соты Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты сотта айыпталушы Арман Жұманды ақтап шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.
Бұған дейін прокурор айыпталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Айыпталушы Арман Жұман "Билікті асыра пайдалану" (451-бап, 2-бөлігі 1-тармағы) бабы бойынша айыпталған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді. Бұған дейін қорғау жағы айыпталушы Арман Жұманды толық ақтауды сұраған.
Ал жәбірленуші жақ сот процесінің өту барысына наразы болған. Олар, біріншіден, бұл істе бір емес, бірнеше айыпталушы болуға тиіс деп санайды. Екіншіден, оларға "Билік өкілетін асыра пайдалану" емес, "Адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылуы керек деген.
Еске сала кетейік, былтыр Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай наразылық пен дүрбелең кезінде Айдос Меделханның балалары отырған көлікке әскери қызметкерлер оқ жаудырған. Соның салдарынан 16 жастағы қызы жараланып, 4 жастағы Айкөркем оққа ұшқан еді.