«Мойындау керек, ұятты жағдай». Ішкі істер министрлігі қыз зорлады деген күдікке ілінген генерал жайлы пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Вице-министр қол астында істеген азаматқа қатысты пікір білдірді

ашық дереккөздерден

Талдықорған қалалық ІІБ бастығы болған генерал Марат Күштібаев жақында қызметтік кабинетінде 27 жастағы қызды зорлады деп екі ай қамауға алынған еді. Бүгін Сенат отырысынан кейін  Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев қол астында істеген азаматқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ұятты жағдай. Оны мойындау керек. Әр адамның жүрегіне, ойына, қанына сіңетін жағдайларды біле алмаймыз. Тексерістен талай өтті. Бірнеше жылдан бері істеп келе жатқан тәжірибелі басшы. Бірақ осындай ұятты әрекетке барған. Тергеу қорытындысын күтеміз. Үкімді сот береді», – дейді Марат Қожаев.

Айта кетейік, бұған дейін Талдықорғанда болған соңғы резонанстық оқиғадан кейін Жетісу облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов қызметінен босатылды. Оның бірінші орынбасары Жасұлан Байкеновке қызметтік сәйкестіктің толық еместігі туралы ескертілді.

Облыстық департамент бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Талант Жұмабеков пен тергеу бойынша орынбасары Мақсат Ережепов те өз қызметтерінен босатылды.