Колледж студенттері ұсталды
Алматыда колледж студенттері полицияға жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Полиция департаментінің мәліметінше, Алматыдағы колледждердің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама 13 қараша күні сағат 10:35-те келіп түскен.
Қаланың төтенше жағдайлар және жедел қызметтері дереу ғимарат пен оның маңайына комиссиялық тексеру жүргізді, нәтижесінде жарылғыш құрылғылар, оқ-дәрілер немесе басқа да қауіпті заттар табылған жоқ.
Жалған ақпарат берді деген күдікпен 1-курста оқитын 16 жастағы Ж. есімді және 15 жастағы Т. есімді студенттер ұсталды.
Олардың әрекеті ҚР ҚК-нің 273-бабымен (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) сараланды.
«Айғақты заттар тәркіленді, олар бойынша сараптама тағайындалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеуді Бостандық аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімі жүргізіп жатыр», – деді департаментте.
Алматы полициясы жалған хабарлама таратқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын тағы да еске салады.