Қытайлық инвесторлар Батыс Қазақстаннан жер телімін сұрап отыр
Қытайлық инвесторлар Батыс Қазақстан облысынан 100 мың гектар жер сұрап отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Нариман Төреғалиев айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазір ет комбинатында адам жетіспейтіндіктен, киік еті Атырау мен Ақтөбеге қайта өңдеуге жіберіліп жатыр. Келер жылы облыста осындай тағы екі зауыт салу жоспарланып отыр.
«Сома аз емес және кез келген инвестордың қолынан келе бермейді. Барлығы инвестордың мүмкіндігіне байланысты, мемлекет бұған ақша бөлмейді», – деді әкім.
Қытайлық инвесторлар жер телімін жалға алу арқылы аймақта киік етін өңдейтін зауыт ашуды көздеп отыр.
Облыс әкімінің айтуынша, шетелдіктер жергілікті органға екі ай бұрын жүгінген.
«Бұл кәсіпорын ақбөкен мен ірі қара мал етін толық өңдеуді жоспарлап отыр. Біз олардың ұсынысын тыңдап, өз шарттарымызды айттық. Компания аймақта тіркелуі керек, сәйкесінше барлық салық шегерімдері аймақ бюджетін толықтырады. Зауыт жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуы керек. Инвесторлар өз міндеттемелерін орындауы тиіс. Әйтпесе, жер тәркіленеді. Шартқа келісіп, қаржы тапса, жерді береміз. Қорқатын ештеңе жоқ, олар жерге иелік ете алмайды, қайта сата алмайды. Біз үшін өңірге инвестиция тарту – басты міндет», – деді әкім.
Ол аталған мәселе бойынша келіссөздер жүріп жатқанын атап өтті.